С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің колледжінде «Уақыт – ұрпақ – 21 ғасыр» атты шығармашылық кеші өтті. Кеш қазақтың ғұлама дарын иесі, өңіріміздің тумасы ақыны, философ Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы шығармашылығы мен өміріне арналды.
Осы тақырыпты арқау етіп, шеберлік класын ұймдастырған дизайн факультетінің студенттері. Талантты жастардың шығармашылығымен танысып, тәрбие алу, тәжірибе алмасуды міндет еткен шеберлер мерекесін ұйымдастырған ПМУ колледжінің Сәулет бөлімі мен «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы. Шараның құрметті қонақтары белгілі ақынның немересі филология ғылымдарының докторы, профессор Қуандық Пазылұлы және белгілі журналист, Е. Бекмаханов атындағы тарих және этнография ғылыми – практикалық орталықтың аға қызметкері Б.Қоғабайұлы.
Шеберлік отауына тәжірибе алмасу мақсатында қаламыздың бала-бақша тәрбиешілері, сурет мектебінің тәлімгерлері қатысты. Мәшһүртану ғылыми – практикалық орталықтың қызметкері Н. Анафина өз баяндамасында М. Ж. Көпейұлының шығармашылығы мен өмірінен танымды да қызықты мәліметтермен қатысушыларды қанық етті. Ал, өңіріміздің асыл азаматының өмірі мен болмысы туралы еш баспа беттерінен таба алмайтын жастарға тәлімі зор, мағыналы салиқалы әңгімеге жасап, ғибратты сөз берген ұлы ұстаз немересі Қ.Жүсіп.
Бұл шара сөз, әуен, бейнелеу арқылы шәкірттерге білім беру, қазақтың ғұлама тұлғасы Мәшһүр Жүсіпті таныту және дарын иесінің шығармашылығы арқылы бейнелеу әлеміне саяхат жасау, шабытқа ерік беру. Жас шеберлеріміздің қолы қарымды, ойы айшықты болуына музыкалық әуен де шабыттарына шабыт қосты. Қобыздың қоңыр үні, саз-сырнайдың даладай дархан дауысы суретшілеріміздің қаламын ұштады. Музыкалық қолдау көрсеткен С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың орындаушылық кафедрасының меңгерушісі Д. Мергалиевтың шәкірттері ұлттық аспаптардың сазды үнімен суретшілерге ғана емес, қатысушылардың да құлағының құрышын қандырып, Мәшһүрдің сырлы әлеміне жол ашты.
Демек, кәсіптік бейімдеуге сөздің, музыканың, бейнелеудің ықпалы зор екені дәлелденді. Мақсат орындалды. С.Төлеубай ұстаздық еткен дизайн факультетінің студенттері А. Болатова, Ш. Джангирова, Б. Каир, Р. Бакиров қазақтың нар қасқа тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жан болмысын өз шығармаларына арқау етіп қана қоймай, ақынның жанынан шыққан дүниелерін таныды, ұлағатты ұстаздан ұмытылмас мұраға ие болды. А. Болатованың шеберлік сыныбында ұсынған Мәшһүр әлемін бейнелеген шығармасы «Шабыт» фиставалінің жүлделі орындарына үміткер.
Жас дарынға сәттілік тілейміз! Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ