Ақсу қаласында «Мәшһүртану» сыныбы ашылды

2011 жылдың 13 мамырында Павлодар облысы, Ақсу қаласының №1 қазақ орта білім беретін мектебінде ақын, фольклорист, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына арналған «Мәшһүртану» сыныбы ашылды.

Бүгінгі таңда облысымыздың қазақ мектептерінде «Мәшһүртану» арнаулы курсы оқытылып, ақын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының мұрасы мектептерде кеңінен насихатталып келеді. Осындай бір игі шараның бірі Ақсу қаласының №1 қазақ орта білім беретін мектебінде ашылып отырған «Мәшһүртану» сыныбын атауға болады. Бұл сынып мектеп директоры Гүлайым Ережепова, қазақ тілі пәнінің мұғалімдері Мадина Құрмашева мен Эльмира Оразбаевалардың бастамаларымен ашылып отыр. «Мәшһүртану» сыныбының ашылу рәсіміне С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті жанындағы Мәшһүртану ғылыми-практикалық орталығының директоры, ф.ғ.д., А.Қ. Тұрышев пен орталықтың кіші ғылыми қызметкері А.Ж. Көпеев қатысты.

Ең алдымен іс-шара «Мәшһүртану» сыныбының тұсаукесер рәсімінен басталды. «Мәшһүртану» сыныбы қазіргі заманғы құрылғылармен жабдықталған. Кітап сөрелеріне Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармалары қойылған. Сыныптың тұсаукесер рәсімінен кейін қонақтарға мектептің мұражайы көрсетілді.

Одан кейін осы іс-шара мәжіліс залында жалғасты. Мұнда оқушылар ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлеңдерін оқып, ақынның өмірі мен шығармалары жайында пікірталас, сұхбат күйінде дөңгелек үстел өткізді. Мектеп оқушылары А.Қ. Тұрышевтың «Адам Жүсіп» пьесасынан үзінді ойнап, жиылған жұртты өз өнерлерімен сүйсіндірді.

Университеттен келген қонақтарға құттықтау сөз беріліп, мектеп ұжымы мен оқушыларды «Мәшһүртану» сыныбының ашылуымен құттықтады, өздерімен бірге ала келген сыйлықтарын сыйлады. Сол сияқты облыстық білім бөлімінің әдіскері Балжамал Қонақбаева, дарынды балаларға арналған гимназия директоры Рымкеш Сламбекова, №2 жалпы орта білім беретін мектептің директоры Мариям Қасенова, «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлнәр Қайырханова, тіл жанашыры Светлана Қондыкерова, ардагер-ұстаз Манат Алтайқызы жүрек жарды тілектерін білдіріп, мектеп директоры мен қазақ тілі пәні ұстаздарына шексіз алғыстарын білдірді. Білім ордасының басшысы Г.Ережеповаға мектептің атын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атын алуды аманат етілді.