2013 жылдың сәуірдің 18-і С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті Мәшһүртану ҒПО П. Васильев атындағы Орталық қалалық кітапханасымен бірлесе отырып, Павлодар облысының 75 жылдығы бағдарламасы аясында белгілі ақын, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 155 жылдығына арналған «Баянауыл абызы» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. Іс-шара «Мәшһүр Жүсіп мұрасы» деп аталған кітап қоры көрмесі, атақты жерлесіміз Мәшһүр Жүсіптің өмірі мен шығармашылығы жайында деректі фильм мен баяндамалар оқуымен қамтылды.
Мәшһүртану ҒПО қызметкерлері – ф.ғ.д., профессор А. Қ. Трушев «Мәшһүр тағылымы», ф.ғ.к., доцент, кіші ғылыми қызметкер М. Т. Тезекбаев орыс тілінде «Мәшһүр Жүсіп Көпеев өмірі мен шығармашылығы», филолог-оқытушы, кіші ғылыми қызметкер С. Ә. Ысқақ «Рухани мәдениет және Мәшһүр тағылымы» тақырыптарында баяндама жасады. Сонымен қатар, кітапхана оқырмандары Мәшһүр Жүсіптің латын және араб графикасымен жазылған қолжазбаларымен танысты.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының немересі – ф.ғ.д., профессор Қуандық Мәшһүр Жүсіп қонақ ретінде қатысып, өзінің «Қыздар-жігіттер» романының бірнеше данасын кітапхана қорына сыйлық етті. Бағдарлама соңы журналистердің ғалымдармен сұхбат алысуы, оқырмандармен фототүсірімдер жасаумен аяқталды. Кітапхана оқырмандары тарапынан сұрақтардың қойылуы іс-шара мақсатының орындалғанын байқатты.