2013 жылдың 1 ақпанында №24 жалпы білім беретін мектептің жоғары сынып оқушыларына арналған «Мәшһүр атын ардақтап» атты әдеби кеш өтті. Кешке С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы атсалысып, қолдау танытты. Шара мектептің «Жаратылыстану мен математика» апталығы аясында ұйымдастырылды.
Павлодардың Ертіс өңірінен шыққан біртуар ақын, философ, ағартушы ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының туғанына биыл 155 жыл толады. Танымал тұлғаның дүниеге келуіне өңіріміз белсене тойлауға кірісіп те кетті. Осы шара аясында өтіп отырған бұл әдеби кеш асыл да алып тұлғамыздың шығармашылығы мен ғылыми еңбектерін тағы бір паш етті.
Сөздің басын С.Торайғыров атындағы университеттің «Мәшһүртану» ғылыми-практикаылқ орталығының ғылыми қызметкері Н.К.Анафина өзі ала отырып, былай деді: «Бұл игі кездесу дара да дарын иесі Мүшһүрдің мерейлі тойына арналған шаралардың алғашқысы. Бүгінгі мектеп оқушылары даламыздың ұлы тұлғаларының туындылары мен еңбектерінен сусындап өсуі қажет. Мәшһүр тағылымының мұрагерлері жастар – сіздерсіздер».
Әдеби кеш барысында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Студенттік филармониясының орындаушылары Ә.Ахметованың, Б.Аубакиров, З.Макенованың орындаған күмбірлеген күйіне, саз сырнайдың дала үніне, саксофонның сиқырлы сазына тәнті болды оқушылар.
Аталмыш әдеби шараны осыған дейін «Мәшһүртану» саласына сүбелі үлес қосқан, бірнеше ғылыми байқауларда жеңімпаз шәкірт дайындаған география пәнінің мұғалімі Зәуреш Тұңғышева мен дарынды жас ақын 11 «А» сынып оқушысы Мұхтар Макишевқа «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталықтың ғылыми қызметкері Н.К.Анафина С.Торайғыров атындағы ПМУ Ғылым департаменті атынан М.Ж.Көпейұлының 155 жылдығына арналған шараға белсенді қатысқаны үшін марапаттады.
Өз сөзінде Н.Анафина: «С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Мәшһүртану» ғылыми-практикалық орталығы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығармашылығындағы және өміріндегі жаңа таңдақтар мен тың зерттеулермен әлі де мектеп оқушыларын таныта беруді мақсат тұтқан жобаларды іске асыра бермек. Мұндай тәрбиелік маңызы зор кештер қаламыздың басқа да мектептерінде ұйымдастырылатын болады», - деді. Сонымен қатар Мәшһүрді зерттеуші: «Ұлы ғалым туындылары мен еңбектерін халыққа насихаттау жұмыстары әр бағытта жасалып келеді. М.Ж. Копейұлының шығармаларының 10 томдығы «Шежіре» аударылу кезеңінде, «Мақал-мәтелдер – халық даналығының нышаны» атты оқулық құрал, «Заманауи Қазақстан Республикасының діни мәдениеті» қазақ тіліндегі монографиялық жұмыстар атқарылуда», – деп сөзін түйді.
Оқушыларды Мәшһүр әлемімен тағы бір табан таныта түскен бұл шара ақынның шығармашылығын танып-білуге оқушыларды жақындата түсті деген ниеттеміз. Жанар ЕЛЕШОВА